Интервью на интернет-сайте – ISKER.KZ от 3 ноября 2014 (қаз)

 

ЖЕР ҚОЙНАУЫ – ТЕК МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНДЕ

Мұнай және газ кеніштерін игеруге қатысты тоқсаныншы жылдары жасалған келісім-шарттардың бірқатарын қайта қарау төңірегіндегі пікірталас Қазақстан қоғамында арагідік туындап, сарапқа түсіп жатады. Заң ғылымдарының докторы, профессор Жұмагелді Елубаевтың айтуынша, бұл мәселе әншейін талқыланып қана қоймай, белгілі бір деңгейде жүзеге де асырылуда.

- Қазақстан ірі жобаларға ортақтасып, өз үлесін белгіледі, - деп түсіндіреді Жұмагелді Елубаев. - Мысалға ұзақ уақытқа созылған келісімдер нәтижесінде еліміз Қарашығанақ жобасының 10%-на қол жеткізді. Қашағанды іске қосу барысының кешеуілдеуі себепті Қашаған жобасына қатысушы тараптар мемлекетке белгілі бір деңгейде ақшалай өтемақы жасады. Ескеретін жайт – Қазақстан Республикасы сол тоқсаныншы жылдардағы ірі келісім-шарттарға қатысты, айталық, Теңіз, Қарашығанақ кеніштері аясында асыра сілтеу, біржақты кесіп-пішу, заңға қайшы дейтіндей бірде-бір кері қадам жасаған емес. Осыны ұмытпау керек. Бұл еліміздің инвестициялық әлеуетіне оң баға беретін елеулі көрсеткіш. Жалпы, өркениетті елдерде келісім-шарттарды қайта қарау – оған қол қойған тараптардың өз ерік-жігері негізінде ғана жүзеге асырылады. Әлбетте, бұл арада мемлекеттің де, қоғамның да, жер қойнауын пайдаланушының да, инвестордың да мүдделері ескеріледі деген сөз.

- Жұмагелді Сәкенұлы, Сіздіңше ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының басты-басты дейтін қағидалары қайсысы?

- Ең басты қағида – Заңда “жер қойнауы мемлекет меншігінде” деп айқын көрсетілген. Бұл өте маңызды. Сол сияқты, “Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген болса, шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жер қойнауын пайдалану жөніндегі қатынастарда Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей құқықтарды пайдаланады“ делінген, сәйкесінше бұл арада жүктелетін міндеттер де бірдей. Әрі қарай тізбектесек, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастар ақылы негізде құрылады; пайдалы қазбалар мемлекеттің де, жер қойнауын пайдаланушының да меншігінде болуы мүмкін; жер қойнауын пайдалану құқы көп жағдайда келісім-шарт негізінде беріледі және бұл тұрғыда мемлекетке басымдық құқығы берілген. Келісім-шарт ұзақ мерзімге жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, ілеспе және (немесе) табиғи газды өңдемей және (немесе) кәдеге жаратпай мұнай және газ кеніштерін өнеркәсіптік тұрғыдан игеруге тыйым салынады. Жер қойнауын пайдаланушы тарату қорын құруға міндетті. Келісім-шартты орындауға, өзгертуге немесе оның күшін жоюға қатысты дау-дамайларды ҚР заңнамасына сай және мемлекет бекіткен халықаралық келісімдер негізінде шешуге болады, т.т. Әрине, бұл қағидалардың орындалу барысы бірқатар шарттарға, яғни арнайы тәртіптер мен процедураларға негізделеді. Әйтсе де, қолданыстағы заңда көрсетілген осы талаптар жер қойнауын пайдалану және мұнай-газ саласындағы қатынастарды реттеу барысындағы маңызды ереженің бірі.

- Біздің елімізде мұнай-газ саласына шетелдік компаниялардың араласуы тұрғысында заңдық тұрғыда енгізілген қандай да бір шектеулер бар ма?

- Негізі, бізде шетелдік компаниялар мен ұлттық компаниялардың құқы бір деңгейде. Бірақ белгілі бір салалық заңнама аясында шетелдік компанияларға қатысты әр түрлі шектеулер қарастырылған. Мысалға, Қазақстан Республикасының миграциялық және еңбек заңнамасы Қазақстан Республикасы аумағына шетелдік жұмыс күшін тарту барысына қатаң тәртіп енгізген, яғни квоталар, визалар, тіркеу шаралары дегендей. Десек те, Энергетикалық хартияға қатысты Келісімнің 11 бабы бойынша, еліміз бірқатар міндеттемелерді орындауы тиіс. Оның ішінде шетелдік компания сырттан жұмысқа тартқан ерекше санаттағы қызметкерлердің Қазақстанға келіп, қызмет етуіне қатысты мәселелер бойынша да. Хартия Келісіміне сай инвесторлардың бұл тұрғыдағы өтініштері Қазақстандағы қолданыстағы заңдар мен нормативтік актілердің орындалуын сақтай отырып, дұрыс қаралуы тиіс. Қазақстан қабылдаған міндеттемелердің тағы біріне сай, біздің елімізде инвестициясы бар өзге тараппен келісуші инвесторға «негізгі персонал» санатындағы қандай да бір қызметкерді жұмысқа алуға рұқсат бар. Яғни, ол қызметкердің азаматтығына, қай елден шыққанына қарамастан. Ең бастысы оның Қазақстан аумағына келіп, жұмыс істеуіне рұқсаты болып, бұл жұмыс «негізгі персонал санатындағы қызметкерге берілген рұқсатнамада белгіленген жағдайлар мен уақытша шектеулерге сай болуы тиіс».

Бірақ еліміз мүше болып отырған осынау халықаралық құқықтық актінің қағидаларын екшелеп қарасақ, энергетика саласында, оның ішінде жер қойнауын игеру барысында шетелдік жұмыс күшін пайдалануға қатысты бірқатар маңызды талаптар ескерілген. Біріншіден, Қазақстан міндет еткен бұл талаптар Энергетикалық хартияға қол қойып, оны бекіткен елдердің инвесторларымен арада ғана қолданылады. Екіншіден, инвесторлар Қазақстан Республикасы өз заңнамасында белгілеп көрсеткен талаптарды толық орындауы тиіс, яғни жеке тұлғалардың біздің елімізге келіп жұмыс істеуі тұрғысында. Сонда ғана Қазақстан өзі міндет еткен талаптарды орындайды деген сөз. Тағы бір ескере кететін маңызды мәселе – біздің елімізге келіп еңбек етуге берілетін рұқсат тек «негізгі персонал» деп көрсетілген санаттағы қызметкерлерге ғана қатысты және ол маман тек инвестицияларға меншік ету, пайдалану және басқару мақсатында ғана қызметке алынады.

Сол сияқты, инвестор өз қалауымен «негізгі персонал» деп танылған қызметке біздің елімізге келіп, жұмыс істеуге рұқсаты бар және сол рұқсат қағазында оның еңбек ету жағдайы толық көрсетілген қандай да бір қызметкерді жұмысқа қабылдай алады.

- Жұмагелді Сәкенұлы, сөзіңіз аузыңызда, осы арадағы «негізгі персонал» деген ұғымға тоқталып, түсіндіре кетсеңіз. Бұл қандай мағынада?

- «Негізгі персонал» санатына инвестициялық жобалардың жетекшілерін, активтерді, яғни инвестицияларды меншікке алу, пайдалану және басқару мәселелерімен тікелей айналысатын негізгі менеджерлер мен супервайзерлерді жатқызуға болады. Сол сияқты, бұл тізімде отандық еңбек нарығында мүлдем жоқ не сирек кездесетін мамандық түрлері де ескерілген.

Тағы бір мәселе – жоғарыда сөз етілген Энергетикалық хартия Келісімінің 11 бабына сай осы халықаралық келісімге қатысушы барлық тараптардың, яғни инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың, қызметкерлердің мүдделері бір деңгейде, бір дәрежеде қамтамасыз етіліп, Қазақстанның еңбек нарығына еш негізсіз, еш бақылаусыз шетелдік жұмыс күшін әкелуге тыйым салынады.

- Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және алдағы жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына енгелі отыр. Бұл тұрғыда отандық мұнай-газ секторын реттеу, үйлестіру барысына қандай да бір өзгеріс енгізілуі мүмкін бе?

- Бұл сұраққа жауап ретінде мына бір қағиданы мысал етсем: «Халықтар мен ұлттардың табиғи байлықтары мен қорларына қатысты ажырамас егемендігі әрбір мемлекеттің ұлттық даму және хал-ахуалға негізделген мүддесіне сай жүзеге асырылуы тиіс». БҰҰ Бас ассамблеясының №1803 «Табиғи қорларға ажырамас егемендік» туралы қарары осылай деп мәлімдейді.

Сондықтан да, Қазақстан Республикасы қандай да бір саяси, экономикалық не өзге де халықаралық бірлестіктер мен одақтарға қатысып, мүше болып жатса да, жер қойнауын пайдалану тұрғысындағы заңнама қашанда мемлекеттің, қоғамның, ел азаматтарының мүддесі негізінде дамуы тиіс. Өйткені жер қойнауы бізде тек қана мемлекет меншігінде және бұл ел тәуелсіздігі мен егемендігінің берік іргетасы, негізі.
Бірақ, әрине, бұл ел ішіндегі қолданыстағы заңдар еліміздің интеграциялық ұстанымдарына қайшы деген сөз емес, керісінше, біздің заңдар шоғырлану үдерістеріне ықпал етіп, бейбіт бағыттағы шаруашылыққа негізделген байланыстарды күшейтіп, дамытуға дем беруі тиіс. Біз жаһандану аясындағы Ұлы көштен қалыс қала алмаймыз, бұл заман талабы. Ал біздің заңнама әр түрлі интеграциялық құрылымдар аясындағы ел экономикасының өркендеп дамуына қызмет етуі тиіс.

Дәрия Кемер

Комментариев еще нет.

Оставить комментарий

Вы должны войти Авторизованы чтобы оставить комментарий.