Интервью журналу Акикат, 2016 год, каз.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЕЛДІ ТАБЫСҚА КЕНЕЛТЕДІ

Петр ғылым және өнер академиясының мүше-корреспонденті (Санкт-Петербург, Ресей), Мұнай-газ саласы заңгерлерінің қазақстандық қауымдастығының президенті (KPLA), «KazakhstanBarAssociation» басқару кеңесінің мүшесі, заң ғылымының докторы Жұмагелді Сәкенұлы ЕЛУБАЕВпен сұхбат

 

– Құрметті Жұмагелді Сәкенұлы, Сіз мемлекеттік қызметті атқардыңыз, қазір халықаралық бизнес саласында жұмыс істеп, ғылыммен шұғылданып жүрсіз әрі университетте сабақ бересіз, яғни, болмыс-бітімімізді бүге-шігесіне дейін білесіз. Еліміздегі қазіргі ахуалды қалай бағалар едіңіз? Не ұнайды, не көңіліңізден шықпайды дегендей…

 – Елдегі қазіргі ахуал әлеуметті, әсіресе, тұрмысы төмен, жағдайы жұтаң жандарды еріксіз алаңдатып отырғанын айтар едім. Ғаламдық экономикалық дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ, айналып өте де алмас еді. Өйткені, еліміз өз тауарларын әсіресе, көмірсутекті шикізатын экспортқа шығарып, өте көп өнімді, тек қана өнеркәсіп өнімдерін (техника, құрал-жабдықтар) ғана емес, азық-түлік түрлері мен күнделікті тұтынатын заттарды да импортқа алатындықтан әлемдегі экономикалық жүйеге бойлай кірігіп, біте қайнасып жатыр ғой. Сондай-ақ, экономиканы басқару ісіндегі қателіктер де ахуалды одан сайын асқындырып, өршімелі инфляцияға ұрындырды, ұлттық ақшаны құнсыздандырып, шаруашылықты құлдыратты; жұмыссыздық жайлап, қоғам жұтай бастады. Ағымдағы ахуалдың жағымсыз жақтарын ащы шектей шұбатып, тізбелей беруге болар еді, алайда, мен осы елдің азаматы ретінде бір ғана нәрсені – билік қолында елді тығырықтан шығарудың ғылыми тұрғыдан негізделген нақты бағдарламасы жоқтығы ұнамайтынын айтумен ғана шектелгім келеді. Үкіметтің барлық іс-әрекетінен қазіргі жай-күйді үстірт бағалап, болашаққа көз жұма қарайтын қамсыздық ауаны қылаңытып тұрады. Көкейге қонып, көңілге жағатын қадау нәрсе: жер қойнауындағы байлықты игеруден түскен қомақты қаражат есебінен Ұлттық қордың құрылғандығы. Осының өзі ентелеп жеткен дағдарыстың екпін сәл тежеп, ел басына төнген әлеуметтік ауыртпалықтардың салмағын жеңілдетуге септесуде. Дей тұрғанмен, бұл қор – суалмайтын бұлақ емес, үкімет жинақталған қаржыны аса сақтықпен, байыппен жұмсауға тиіс.

 

– Қандай құбылысты елдің жетістігіне, биліктің алғырлығына балар едіңіз?

– Ең алдымен, құқықтанушы ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңи тұрғыдан нықтап алғанын атап айтар едім. Қазіргі кезде біздің елдің іргелес мемлекеттермен шекара сызығына қатысты алауыздығы жоқ. Әлемді аласапыран діңкелетіп, алуан аймақтың тыныштығын сепаратистік пиғыл бұзған, әлсіз мемлекеттер аумағына күштілері басып кіріп, соғыс өрті шарпыған, пидайы лаңкестік  пен діни өшпенділік өршіген алмағайып шақта бұл да үлкен жетістік.

Екіншіден, Қазақстан өз шаруашылығын нарықтық қарым-қатынастар «қағидаттарына» сүйене жүргізіп келеді, мұның өзі ел экономикасын бәсекелестік пен қоғам мұқтажын ескеруге бейінділік талабына сай дамытуға кепілдік береді. Үшіншіден, Ресеймен және басқа да көрші елдермен бірлесе ұжымдық қауіпсіздік жүйесі жасалды. Бұл еліміздің өзгелермен бейбіт-қатар тұрмыс кешіп, сырттан кауіп төне қалған ретте мемлекет пен қоғамды тайсалмай қорғап қалуын қамтамсыз етеді.Төртіншіден, Еуразиялық экономикалық жүйеге кірігуі Қазақстанның сауда-саттық саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, экономикалық тұрғыдан алпауыт саналып, «капитализм акуласы» атанған елдердің ырық бермес ықпалынан қорғап қалды.Әлбетте, осы айтылған сөздің бәрі менің жеке пікірім әрі азаматтық ұстанымым, оны айнымас ақиқат санаудан аулақпын…

 

– Елдің табысты дамуына не кедергі келтіріп отыр деп ойлайсыз?

 – Өкінішке қарай, еліміздің өркендей өсіп, желкілдей жетілуіне тамырын тереңге жіберген «олигархиялық капитализм» жол бермей келеді. Өткен ғасырдағы 90-ыншы жылдардың бас және орта кездерінде, одан кейінгі кезеңде қолға алынған мемлекеттік меншікті жекешелендіру науқаны барысында біршама байлық билік басында отырғандар мен соларды төңіректегендердің еншісіне бұйырды, құлқына құйылды. Содан бері экономиканың тұтас секторлары солардың ырқынан шыға алмай қалды. Бұл жағдаят еркін кәсіпкерлікті дамытуға бөгет салып, биліктің беделіне сызат түсірді, қарапайым халық билік тұтқасын ұстағандар мен бастық атаулыға тыжырына қарайтынды шығарды.

Еліміздің ойдағыдай дамып жетілуіне билік құрылымдарын төменнен жоғары дейін жайлап алып, жегі құрттай кеміріп жатқан сыбайлас жемқорлық та кедергі болып, тікелей кесірін тигізуде. Әлдебіреулер бұл пікірге келіспей, дау қоздататын шығар, бірақ, қолақпандай деректерді қайда жібереміз?!. Мәселен, Қазақстан жаңа тарихын парақтаған жиырма жылдың ішінде екі премьер-министр, он шақты министр мен облыс әкімдері, жүздеген мемлекеттік орган басшылары, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар мен ұлттық  компаниялардың жетекшілері, судьялар мен прокурорлар, әскербасылар, кеден қызметі мен ішкі істер органдарының өкілдері сотталды. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Тіпті, АҚШ долларымен миллиардтаған қаржыны қақшып алып, шетелде «қашып» жүрген басшылар қаншама, олардың қисапсыз байлығын елді жайлаған жемқорлықтың арқасында жиғанын барша біледі.

Басқару жүйесіндегі бюрократия да елімізді етектен тартып, алға басқан адымын тежеумен әуре. Биліктегілер демократиялық институттарды дамытып, жетілдіре түсудің, шын мәнінде еркін нарықтық қарым-қатынастарды орнықтыру ісіне  қолдау көрсетудің орнына бәрін және баршаны ығында ұстап, ыңғайына жығуға тырысады. Міне, осының бәрі мемлекет құрылымы мен экономика ендігінде елеулі қателіктер орын алғанын көрсетеді.

 

– Билік пен саяси жүйеге қалай қарайсыз?

 – Билік атаулы қоғамнан алшақ тұрмай, жақындаса білуі, өз азаматтарының игілігі үшін өмір сүріп, қызмет жасауы қажет-ақ. Билік болмысының амалын өзгертіп, түптеп келгенде, «өкімет халыққа қызмет етеді» деген тіркестің мәнін жете ұғынуға жетелеген жөн: сонда ол өзін бұқарадан биік қойып, сорпаның бетке шығары – ерекше жаратылған шоғыр санамайды; құрықсыз кетер құлқынын тыйып, өзі қызмет ететін халықтың тұрмысы мен шама-шақатын қаперде ұстауға бейімделеді. Мен, әрине, билік басында өз ісіне құлай берілген, қоғам мүддесіне ақ адал қызмет ететіндер жоқ деп айта алмаймын. Ондай адамдар бар, бірақ, өкінішке қарай, өте аз. Сондықтан, ел басқару ісіне халықтың қайнаған ортасынан құрыштай шынығып шыққан өз ісіне ықтиятты, кәсіби білігі жоғары әрі білімі кенен жандардың келгенін қалаймын. Ал, тап қазіргідей мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеп алудың тым күрделендірілген, екінің бірін маңайына жолата бермейтін қас қамалдай жүйесі түбінде абырой әпермейді. Мемлекеттік қызметшілер корпусын жасақтаудың өзіндік, қазақстандық үлгісін ойлап табудың қажеті шамалы, әлемде адамдарды мемлекеттік қызметке жалдаудың өнегелі де өркениетті үлгі-нұсқалары жетіп артылады, міне, бізге солардың бәрін саралап, озығын қадеге жарату жағы ғана қалып тұр. Мәселен, Еуропада университеттің қатардағы профессоры мемлекеттік құрылымдарда істеген қызмет тәжірибесі болмаса да, министр лауазымына тағайындала береді, себебі, оның ой-зердесі мен білімі, ғылыми ортадағы жұмыс тәжірибесі мен азаматтық ұстанымы кез келген саланы біліктілікпен басқарып, ұршықша үйіріп әкетуге мол мүмкіндік береді. Ал, біздегі мемлекеттік қызметшілерді іріктеп, тағайындау жүйесі, ашығын айтсам, жең ұшынан жалғасар жемқорлықпен өзектесіп, кеудемсоқ төрешілдікпен төркіндесіп жатыр.

- Ал, енді, саяси жүйе жайына келер болсақ, конституциялық тұрғыдан көңілімнен шығады, көкейіме қонады. Алайда, сол Конституцияда жария етілген саяси жүйе іс жүзінде кәдеге аспай, қыздырманың қызыл сөзі күйінде қалғанын айтқым келеді. Иә, бізде тежегіштік және тепе-теңдік тетігі жұмыс істемей, билік тармақтарының тәуелсіздігі туралы аңсар әдемі әңгіме қалпынан аспады, себебі, ел Президентінің ықпалы мен атқарушы биліктің пәрмені өкілетті және сот биліктердің құзыретінен басым тұрады, ал, бұл «жақсы емес». Тіпті, ауыз толтырып айтарлықтай оппозиция да жоқ қой бізде, бірақ, бұл өкіметтің емес, ой-пікірін жұптап, уәж-ләмін айта алмайтын қоғамның кемшілігін көрсетеді. Өкімет құрылымын қалыптастыруға атсалысып жүрген атағы дардай партиялар халықтың шынайы қолдауына ие бола алмай отыр. Билікке басы бүтін берілген бұл партиялар өздерін ешкімге тәуелсіз әрі арасы алшақ жатса да бұқараға тиесілі ұйым кейпінде көрсеткісі келеді. Олар биліктегілердің шашбауын көтеріп, кез келген мәселеде пікірін ашық айта алмай, бас шұлғи беруді білетін басшыларының арқасында ғана өмір сүруде...

Мемлекет басшысын, Парламент депутаттары мен жергілікті өкілетті органдарды мерзімінен бұрын сайлау тәжірибесінің етек жаюы мемлекеттік құрылыстың басты міні деп есептеймін. Сайлау тәртібі мен мерзімін қарастыратын конституциялық нормалардың тұрақты түрде сақталмауы жақсы нышан емес. Қазақстандағы сайлау үдерісі мемлекет пен қоғамға тікелей қауіп төндіретін қандай да бір төтенше жағдайлар салдарынан емес, депутаттардың үндеуіне, үкімет пен басқа да мемлекеттік билік субъектілерінің бастамасына байланысты өрбиді. Негізінде, кезектен тыс сайлаулар төтенше жағдай төніп, ахуал әбден асқынған шақта мемлекет қауіпсіздігін қорғап, ел ішін ауыр зардаптардан аман алып қалу үшін өткізілуге тиіс. Осыған орай, әлем елдерінің әммасы киліккен экономикалық дағдарыс тезі, депутаттық корпусты «жасартып», мемлекеттік билік құрылымын реформалау қажеттігі және басқа да осы тақілеттес сылтаулар ел өкіметінің кез келген органын мерзімінен бұрын сайлауға жеткілікті негіз бола алмайды.

Үкіметтік органдар құрылымын жиі өзгерту де мемлекеттік басқару жүйесі мен сапасына аса қолайсыз тиіп, кері әсер етеді. Министрліктер мен идараларды біресе қосып, біресе бөліп, жаңадан мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар жасау, облыс әкімдерін, министрліктер мен өзге де орталық органдардың басшыларын әлсін-әлі ауыстыра беру елдің саяси жүйесін берекесіздікке ұрындырып, әртүрлі деңгейдегі басшылардың жұмысындағы  жауапкершілікті жойып, қабылданған шешімдердің сабақтастық тінін үзеді, өйткені, әр министр өз реформасын жасап, көзге түсіп қалуға тыраштанады ғой. Сонымен, еліміз жиырма жыл бойы билік құрылымдарын реформалаумен келеді, ал, одан мемлекетті басқарудың сапасы жақсарып кете қойған жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоғам халық мүддесін ескеріп, мұң-мұқтажына, аңсар-мұратына сергек қарайтын, лайқатты тұрмысқа жеткізетін билікке ғана қолдау көрсетеді. Қазіргі кезде, шынымды айтсам, билік пен халықтың арасында қарауытқан түпсіз құз жатыр...

 

– Елдің қазіргі экономикалық жағдайын қалай бағалар едіңіз? Таяу жылда аяғынан қаз тұрып кете ала ма?

 – Мен экономикалық заңдылықтарды жіліктеп-шағатын маман емеспін, әйтсе де, мына өмірден көрген, көкейге түйген нәрселерімнен шығара отырып, біздің экономиканың өткеніне, осы шағы мен келешегіне қатысты көзғарасымды білдіруге тырысып көрейін. Егер, тәуелсіздік алып, егемендікке ие болған кездегі даму кезеңіне тоқталар болсақ, еліміздің жоғары басшылығы, ең алдымен, Мемлекет басшысы нарықтық экономикаға көшу, шетел инвесторларын тарту жөнінде шешім қабылдап, өте дұрыс қадам жасады. Бұл алмағайып 90-ыншы жылдардан елімізді аман алып шығып, экономика негізін қалауға, әлеуметтік ауыртпалықтарды еңсеріп, әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне айналуымызға мүмкіндік берді. Әйтсе де, менің ойымша, жиырма жыл өткенімен орнын толтырып, олқылығын жетілдіруге көнбейтін өрескел қателіктер де жіберілді. Солардың бірі – біз аграрлық секторды толықтай құртып, ауылды жаппай жұтаттық, адамдарды аянбай жұмыс істеп, адал еңбегімен күнелту дағдысынан жирентіп, ауыл тұрғындарының қалаға ағылуына жол ашып қойдық. Сол жылдары ауыл шаруашылығын қалай аман сақтап қалуға болатынын тап басып айта алмаймын, бірақ, осы өндіріс саласында әлемде жетекші орындарды алатын елдерден тікелей инвестиция тартса да, бір амалын табуға болатын еді ғой. Жаңа тарихымыз басталған жылдары-ақ, тап сол инвестицияның арқасында өз өнеркәсібімізді өркендетіп, алып қуатты болмаса да, басқаруға әбден икемді зауыт-фабрикалар ашып тастауға кім кедергі жасады. Бұған барша негіз, әсіресе, жер қойнауынан өндірілетін шикізатымыз бар ғой. Мәселен, менің бір түсінбейтінім, неге мұнайлы ел бола тұра, бензинге жарымай, көрші Ресейден сатып аламыз?!. Сірә, іс басындағы билікке шикізатты шетке шығарып, есепсіз қаржыны малданған жөн шығар. Бірақ, бұл тәсіл мұнай бағасы күрт арзандап, дәмеміз далаға лаққан шақта өзін ақтамай қалды ғой. Үкімет соңғы жылдары «қарқынды», «инновациялық» және басқа да ақиқи өмір шындығына қабыспайтын жобаларды жүзеге асырумен текке әуреленіп жүр, ал, ондай жобалардың ешқайсысы елге де, қоғамға да қыл ұшындай пайда әкеліп жатқан жоқ.

Болашақ жайын ойлар болсақ, билік шағын және орта бизнесті дамытуға күш салуға тиіс, нақ осылар ғана экономика мен елдің ішкі саясатының алтын арқауына айналады. Әсіресе, ұзақ мерзімге арналған әр алуан көмектер мен жеңілдіктерді беру, бәлки, басы артық салықтарды қысқарту жайын заң-низам жүзінде  бекіту қажет. Шағын және орта бизнес саласындағы қарым-қатынастарды мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіріп, олардың ісіне бақылаушы органдардың жөнсіз араласа беруіне толықтай тыйым сала алсақ, ұтамыз. Әлдебір өрт сөндіруші, санитария дәрігері, учаскелік инспектор мен әртүрлі деңгейдегі тексеруші олардың ісіне қолсұғушылығын тоқтатқан, ол үшін заң жүзінде белгілі бір жауапкершілік арқалаған ретте ғана іс оңға басады. Нарықтың өз заңы бар: кейбір алақол, қуаяқ кәсіпкерлер  тұтынушыларды алдап, сапасыз өнімдер шығарған немесе нашар қызмет көрсеткен жағдайда, өздігінен жойылып кетеді де, олардың орнын адалдары, сан қумай, сапаға жүгінетін саңлақтары қалады.

Ірі, бәлки, орта бизнес саласына да инвестициялар тартып, тіпті, шетелдік капитал құйылуына жағдай жасау  керек. Шетел қаржысынан қорқудың қажеті жоқ, қазір оны еш ел айналып өте алмайды, оның үстіне, жер қойнауын игеру сынды ірі жобаларды жүзеге асыруға басы артық қаражаты жоқ Қазақстан сырттан  қаржы тартпаса, қарыс қадам ілгері баса алмайды.

Айналып келгенде, аграрлық секторға бетбұруымыз қажет. Бұл сала өз жұмысы мен тұрмысына дән риза ауыл тұрғыны мен шаруаның «жаңа үлгісін қалыптастыру» үшін Қазақстан экономикасының басым бағыттарының біріне айналуға тиіс.

 

– Сіз Қазақстанның мұнай-газ саласын жақсы білесіз ғой. Осы сектордың Қазақстан болашағы үшін рөлі қандай деп ойлайсыз?

 – Мұнай мен газ өндіру секторы –  Қазақстан экономикасының жетеккүші болып қала береді. Осы саланың арқасында үкіметтің көптеген жоспары жүзеге асады, әлеумет мәселелер шешімін тауып, бюджет толығады, ал, бұл дегеніміз – республикалық және жергілікті бюджетке құйылатын бүкіл түсімнің 50 %-дан аса бөлігі. Жаратушы Ие елімізге мол байлық берген, жер қойнауында бүкіл Менделеев кестесі бөгіп жатыр, сондықтан, мұнай-газ секторы әлі талай уақыт Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл  атқарады.

 

–  Маған мұнай-газ саласында шетел компанияларының басымдығы жүріп тұрғандай болып көрінеді. Бұған сіз не дейсіз? Олар шикізаттық ресурстарымызды сыртқа тасып, мемлекет пен қоғамның одан көріп отырған пайдасы шамалы емес пе?

 –  Мен мұндай пікірмен келісе алмас едім, өйткені, нақ шетел инвестициясының арқасында Қазақстанның мұнай-газ саласы табысты дамып келеді. Теңіз, Қарашығанақ және басқа да инвестициялық жобалар – соның дәлелі. Шынында да, кейде біздің азаматтар ҚР Үкіметін мемлекеттің жоғары лауазымды басшыларын кінәлап, елде шетел инвесторларының өктемдігі жүріп тұр, олар өндірген шикізатты, одан түскен пайданы шетелге алып кетіп жатыр, Қазақстан жартымсыз мөлшері қалуда деп ойлайды.  Тоғышарлық көзғарас тұрғысынан солай көрінуі де мүмкін, себебі, шетелдік инвесторлар қаржыландырған жобаның ірі бөлігін иеленеді әрі біздің елдегі өз қызметтерінен соған сәйкесті пайда табады. Алайда, осынау  мұнай-газ секторындағы ірі жобалар шетел менеджерлерінің өндірісі ұтымды басқаруының, жоғары әрі қауіпсіз технологияларды енгізуінің, миллиардтаған қаржы (АҚШ долларымен) жұмсауының арқасында ғана табысты, тиімді дамып келеді. Қазақстан Республикасының тек қазір ғана емес, экономикасы тұрақты дамыған жылдары да  қомақты жобаларды қолға алуға жеткілікті қаражаты болған емес. Иә, бізде жаңа жобаларды, Каспий теңізінің табанындағы байлықты игеруге қаржы жоқ.  Ал, жаңа кеніштерді ашып, тиянақты игеру ісі еліміздің экономикасын соны сапалық деңгейге көтеріп, өнеркәсіптің арналы (аграрлық, өңдеуші және т.б.) салаларын дамытуға, әлеуметтік мәселелерді  оңтайлы шешуге мол мүмкіндік берер еді. Міне, сондықтан, қоғам мүшелері еліміздегі ағымдық ахуалды бағалау барысында тоғышар түйсік, пендәуи пайымнан аулақ болғаны абзал, өйткені,  шетелдік те, отандық та жеке инвестициялар болмаса, қоғам мен мемлекеттің игілігі болып саналатын экономика салаларын одан әрі дамыту әсте мүмкін емес. Бүкіл әлем солай өмір сүреді, ендеше, Қазақстанға да нақ осы кезеңде өзінің ерекше даму жолын іздеп әуреленудің қажеті шамалы. Халықаралық озық тәжірибелерді, шетел капиталын, жоғары дамыған мемлекеттердегі соны технологияларды пайдаға жаратып, қадеге асырсақ, қапы қалмаймыз. Соның арқасында өтпелі кезеңде өз өнеркәсібімізді өркендетіп, ғылымды жандандырамыз, озық технологияларға қол жеткіземіз. Бұл еліміздің асқақ аңсарларды бағындыруына – тұрлаулы экономиканы құрып, билік пен қоғамның демократиялық институттарын орнықтыруға, сол арқылы әлемнің ең дамыған, өркениетті елдерінің қатарына енуіне  мүмкіндік береді.

 

– Шетел инвесторларынсыз немесе оларды аздаған үлеспен қатыстыра отырып, Қазақстан бай әрі стратегиялық маңызды кеніштерін өз бетінше, дербес игере алмай ма?

– Жоқ, қазіргі таңда да, таяу болашақта да ондай мүмкіндікке жете қойған жоқпыз. Әлгінде айтқанымдай, Қазақстанда стратегиялық тұрғыдан маңызды  кен орындарын ашуға, барлап, игеруге жұмсайтын қаражат жоқ. Осы салада істейтін қазақстандық компаниялар қарызға белшеден батқан, олар қазір қалай күн көретіндерін білмей отыр. Тек үміт артар бір ғана нәрсе бар – шеттен қаржы толассыз  құйылып жатуы үшін Қазақстанда мамыражай инвестициялық климат жасай білуіміз қажет. Айта кететін жәйт, табиғи ресурстары мол, экономикасы кенже дамыған елдер арасында шетел капиталын тартуға бәкелестік бар, Қазақстан да солардың бірі ғой.

 

– Қазақстандық қоғамның белсенділігін қалай бағалайсыз? Халықтың сана-сезімін арттырып, мемлекеттік міндеттерді шешу ісіне белсендірек қатыстыру үшін не істеу керек?

 – Мына дағдарысты ахуал басталғанға шейін қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімдері молдау еді. Тіпті, патриоттық сезімдерінің біршама көтерілгені байқалатын. Ал, қазіргі кезде инфляцияның шарықтай өсуі, теңгенің құнсыздануы, ең қажетті тауарлар мен азық-түлік түрлері қымбаттағанымен, тұрғындар табысының төмен күйінде қалуы қайтадан халықты биліктен қашықтата түсті. Қазақстан тұрғындарын еңсесі езілген енжар, қалыптасқан проблемалар мен сын-шағымдарын бұқпантайлап, өзіне жақын-жуықтар арасында ғана айтатын адамдар тобы ретінде сипаттауға болады. Тіпті, кейбірлері өз ұстанымдарын ашық білдіруден қорқады, сондықтан, қалтарыста күңкілдеп қалады... «Қарашасына лайық ханы болар» деп бекерге айтылмаған ғой. Халықтың енжарлығы, өз өкілдері арқылы билікке араласуға құлықсыздығы қоғамды мешеу   қылады. Мұнда бір кілтипан бар: біздің саяси жүйе мен билік ел азаматтары шын мәнінде мемлекеттік басқару органдарымен иық тірестіре  алатындай демократиялық институттарды құра алмады. Өкілетті өкімет органдарында «билік партиясына» басымдық беретін сайлаулар  жүйесі, сондай-ақ, депутаттардың біршама бөлігін Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқы ассамблеясы тағайындайтын тетік халықты биліктен тағы алыстата түсті. Азаматтардың құқылары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде біршама қиындақтар бар, оған мемлекеттік биліктің тоңмойын жүйесі мен шенеуніктердің менмендігі, сот жүйесінің кіріптарлығы кінәлі. Мәселен, қатардағы азаматтардың облыс әкімі мен министрдің қабылдауына кіруі іс жүзінде мүмкін емес. Ол жақта бәрін көмекшілер мен «жанторсық» жандар шешеді немесе аузымен құс тістеген әлдебір «ағашка» телефон шалуы қажет. Сөйте тұра, маған халықтың мемлекеттік билікке қатысу мәселесі емес, ел азаматтарының лайқатты өмір сүріп, бақуатты тұрмыс кешуін қамтамасыз ету қамы бәрінен маңыздырақ көрінеді. Мемлекет олардың заңды мүдделері мен табиғи құқыларын қорғауға, әлеуметтік мәселелерін шешуге жете мән беруге тиіс. Сонда ғана халық билікті жақсы түсінеді, ал, билік өзі қызмет етуге тиіс халқын мақтан тұтып, марқая алады.

 

– Ал, заңгер ғалым әрі тәжірибелі маман ретінде елімізде қалыптасқан құқықтық жүйеге қатысты не айтар едіңіз? 

 Тұтастай алғанда, Қазақстанның құқықтық жүйесі, жетілмеген жақтарына қарамастан, қалыпты дер едім. Егер де, осы жүйеде істейтіндердің барлығы жоғары білікті әрі адал мамандар болса, онда елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіп жақсара түсетіні анық. Өкінішке орай, созылып кеткен реформалық шаралар, етек жайған сыбайлас жемқорлық, құқық қорғау органдары мен сотқа кадрларды іріктеп алу тетігінің шалалығы біздің құқықтық жүйені өз азаматтарымыздың тарапынан да, Қазақстанда жұмыс істейтін өзге ел өкілдерінің тарапынан да келемештің нысаны қылуға себепші болып жүр. Біздегі заң шығару үдерісінде тұрақтылық жоқ. Жиырма жыл бойы заң шығару ісін реформалап, жетілдірумен келеміз, бұл саланы әбден былықтырғандары соншалық, енді оны қалпына келтіруге бірнеше жылдар керек. Заң шығару ісі консервативті болуға тиіс, ең бастысы бірегей құқық қолдану практикасын қалыптастыру. Заң қолданудың көп жылдық тәжірибесі ғана оның олқылықтары мен кемшіліктерін көруге мүмкіндік береді. Біз экономика мен мемлекеттік құрылыстың кез келген саласындағы реформаға бола заң қабылдаймыз, бірер жылдан жаңа реформа жасалады, тағы заңды ауыстырамыз, солай кете береді... Енді, реформизм «қышынбалылығын» доғарып, сабаға түсу, өткенді бағалап, қолда бар заңмен өмір сүру керек. Әрине, кейде жаңа заң қабылдауды немесе қолданыстағы құқықтық-нормативтік актілерді өзгертуді өте-мөте қажетсінетін салалар да табылады ғой. Алайда, мұндай жағдай сирек болуға тиіс. Бізде Конституция, ресми мәлімделген саяси жүйе мен оның органдары, нарық заңдары, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуге арналған басты заң актісі саналатын Азаматтық кодекс, құқық бұзғаны үшін азаматтар мен заңи тұлғалардың жауапкершілігін қарастыратын заңдар, сондай-ақ, мемлекет пен қоғамның қалыпты өмір сүріп, алаңсыз дамып-жетілуіне мүмкіндік беретін басқа да маңызды құқықтық-нормативтік актілер бар ғой. Шетсіз, шексіз реформалар ағынында малти бермей, жасампаздықпен өмір сүруіміз керек, кейде әлгі реформалар уыстан шығарып алған пайданы бүркемелеп, қоғам назарын биліктің дәрменсіздігінен басқа жаққа аудару үшін жасалатын сияқты.

 

– Еліміздің бір кемшілігі – әбден етек жайып алған сыбайлас жемқорлық екені белгілі. Осы індетпен қалай күресуге болады? Қоғамның одан дені сау, есі азат болуы үшін не істеу керек?

  – Оңай сауал емес, ең қиыны – бір ауыз сөзбен түйіндер жауабы жоқтығы.  Әлемде аталған індетпен табысты күресудің толып жатқан мысалы бар, солардың арасынан Сингапурдың, Гонгонгтың тәжірибесін, ең соңғысы – Грузияда жүргізген Саакашвилидің реформасын бөле-жара айтуға болады. Осынау кесірлі құбылысты қоғам тірлігінен, адамдар санасынан мүлде аластап, біржола құрту қиын, жүдә мүмкін емес. Сөйте тұра, билік пен халық тізе қосып, тілек жұптаса, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады деп ойлаймын. Мысалыға, билік кәсіпкерлік саласына қолсұғушылықтан тыйылып, адамдардың заңды мүдделерін аяққа таптамаса, мемлекет бәрін және баршаны жөнге салып, қабағымен жасқап отыруға тыраштанбаса, бизнес өкілдері мен азаматтардың мемлекеттік органдар мен шенеуніктер құзырына азырақ жүгінуіне жағдай жасаса, «рұқсат ететін» бизнес тізбесін мейлінше қысқартып, азаматтардың түрлі құжаттарды алу әуресін оңайлатса, осы жүйедегі шенеуніктердің «тұтқалы тұлға» кейпіндегі рөлін кемітсе, жемқорлық атаулының өздігінен адымы қысқарып, тынысы тарыла берер еді. Жемқорлық жасағаны әшкереленген шенеуніктер мемлекеттік органдар жүйесінен дереу қуылып, билікке қайтып оралатын жолы кесілуге тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер лайқатты еңбекақы алып, белгілі бір әлеуметтік жеңілдіктер иеленгені жөн.

Мемлекеттік лауазымға кадрларды азаматтардың баршасына тең мүмкіндік беру қағидатына негізделуі керек. Кез келген азамат әлеуетті үміткерлерді «А» және «Б» корпустарына және т.б. бөлетін әлдебір мәртебелі шенеуніктің шешіміне байланысты емес, өзінің біліміне, тәжірибесі мен басқа да жағымды қасиеттеріне қарай мемлекеттік қызметші болуға қақылы. Қазіргі жүйенің субъективизмі көп, себебі, көп нәрсе жоғары дәрежелі бастыққа, «ағашканың» телефон шалуына, туыстық байланыстарға, тіпті, трайболизм үрдісіне байланысты шешіледі.

 

– Әлемнің асты үстіне шығып, әбден тынышы кетіп тұр; терроризм мен діни экстремизм жер-жаһанды, тіпті, керенау Еуропаны жайлап алды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайту үшін не істеуіміз қажет? Қандай қауіп төніп тұр қазір бізге?

 – Қай кезде де және қандай мемлекетке де қауіп сақталып қалады. Қазақстан әуелден тынышсыздау аймақта орналасқан. Таяу Шығысты азаматтық соғыс өрті шарпып, өкінішке орай, көптеген ел қолдау көрсетулі терроризм ылаңы жайлап алды, діни экстремизм де өршіп барады, осы оттың шаласы өз ортамызға түсіп кетпеуі үшін мемлекет мығым болып, ахуалды аса қырағылықпен қадағалап отыруы қажет. Құқық қорғау органдары, бірінші кезекте, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ештеңені қалт жібермей, қоғамды осынау кесапаттан сақтаудың тиімді жүйесін жасауға міндетті. Меніңше, осынау кесірлі құбылыс мейлінше қауіпті, еліміздің қоғамдық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сонымен бірге, жер аумағын жаулап алу, ірі әскери шабуылдар жасау, экономикаға орны толмас зардап шектіру, билік басында төңкеріс ұйымдастыру, сепаратистік пиғылға дем беру арқылы ел егемендігіне тікелей нұқсан келтіретіндей төтенше қатерді көріп отырған жоқпын. Өйткені, Қазақстан қатысып отырған ұжымдық қауіпсіздік жүйесі мен ел ішінде құрылған саяси және қоғамдық институттар – ондай қауіп-қатерден қорғануымыздың басты кепілі. Дей тұрғанмен, «ұлттық қауіпсіздік» деген ұғымның басты ерекшелігі: ол қоғамдық қауіпсіздікке қоса әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық және экологиялық қауіпсіздіктерді де қамтиды; осының өзі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды дәлірек белгілеп, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың ең тиянақты тәсілдерін табуға мүмкіндік береді.

 

– Сіз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінде сабақ бересіз, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің және Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Құрметті профессоры атандыңыз, көп мақала жазасыз, 2014 жылы 10 томдық еңбектеріңіз жарық көрді. Осыған орай Қазақстан жоғары мектептері мен ғылымы жөніндегі ой-пікіріңізді білгім келеді.

 – Осыдан бірер жыл бұрын берген сұхбатымда осы тақілеттес сауалға жауап қайтарған едім. Соны қысқаша қайталап шығайын. Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде PhD (философия докторы) дәрежесінің магистранттары мен ізденушілеріне арнаулы сабақ беремін. Дәріс оқып, семинарлар өткіземін, ғылыми жетекші ретінде студенттердің диплом жұмыстарын дайындауларына көмектесемін. Басқа университеттерде жер қойнауы және экологиялық құқық пәні бойынша шолу лекцияларын оқимын. Шынымды айтсам, қазіргі кезде мектептерде, колледждерде, университеттерде білім беру жүйесінің деңгейі кеңес кезіндегі деңгейден әлдеқайда төмен жатыр. Әрине, Қазақстандағы жоғары мектептің үлгісі саналатын жекелеген оқу орындары бар, бірақ, олар тым аз. Сөйте тұра, жақсы оқуға жаны құмар, сабаққа ынтасымен берілген студенттер алғырлықтарының нәтижесінде және өз ісіне берілген оқытушылардың арқасында ғана тыңғылықты білім алып, жақсы маман болып шығады.

Неліктен бұлай болды? Меніңше, білім беру жүйесі мен жоғары мектептер шеті мен шегі жоқ реформалардан әбден ығыр болды. Білім мен ғылым басына келген әр министр егжей-тегжейлі талдап алмай, тексеру, талқылаусыз, осы саланың мэтрлерімен ақылдаспай, тәуелсіз сараптама жасамастан өз реформасын тықпалай бастайды. Субъективизм белең алып, әр министр ұлы реформаторлар шоғырынан ойып тұрып орын алудан дәмеленеді.

Білім беру мен жоғары мектеп жүйесі консервативті жүйе болуы керек, шыңдалған жағымды тәжірибе әлі қадеге асып жатса, жаңасын абайлап енгізген жөн. Білім беру мен ғылымды дамытудың кеңестік мектебін қалай мақтан тұттық біз, ол әлемдегі ең озық жүйелердің бірі еді, орнына сапалырақ, тұрақтылау ештеңе ұсынбастан соны жойып жібердік. Мен реформаға қарсы емеспін, ал, ол жоспарлы да байыпты түрде жасалуға, өміршеңдігі дәлелденген ескі нәрсені көзсіз қирата салмай, уақыт тезінен өткен тұжырымдамаға негізделуге  тиіс. Сайып келгенде, жоғары инстанциялардың шешімдерінде сабақтастық тіні сақталып, білім беру мен жоғары мектептер жүйесіндегі волюнтаризм мен субъективизмге үзілді-кесілді жол берілмеуі қажет. Кез келген жүйедегі тұрақтылық түбі табысқа кенелтеді.

Ғылым да әлгіндей себептерден «ақсап» келеді. ЖОО-ларға «қатып қалған» оқытушылардың (ғылым кандидаттары мен докторларының) ғылым айналысуға шақаты жоқ, бүкіл уақыты оқыту және ұйымдастыру үдерісіне кетеді. Олардың кейбіреуі ғана өз біліктілігін жетілдіруге, ғылыми ізденіске, оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға, БАҚ-тардағы теориялық пікірталастарға қатысуға әзер мойын бұрады. Мұндай оқытушылардың көпшілігі өздерінің кандидаттық және докторлық диссертацияларымен ғана шектеліп қалған, ғылыммен мүлде шұғылданбайды, рас, кейде әлдебір ұжымдық еңбектер әзірлеуге, жобаларға, конференцияларға қатысатын шығар, бірақ, олардың рөлі елеусіз қала береді. Менің пікірімше, ғылыми дәрежесі мен атағы бар адамдар жүйелі түрде ғылыми ізденіспен айналысуға, ең болмағанда, өзі маманымын деп санайтын бағытпен ізденуге тиіс. Олар ғылыми дәреже алу әлі ғалым атану емес, ғылымның табалдырығынан қысыла аттап, ғалымдыққа беттеу екенін түсінулері керек. Ғылыми дәреже нақты ғылыми жұмыстармен, ғылыми тұрмысқа белсене араласумен, теориялық айтыстарға тайсалмай қатысып, өзін маман санайтын салада көзғарасын батыл қорғап шыға алатындығымен дәлелденгені жөн.

Өкінішке орай, ғылыми кадрларды даярлаудың кеңестік жүйенің толықтай жойылып, Болон конвенциясына қосыламыз деген желеумен Қазақстандағы білім мен ғылымға PhD-лендіруді ойсыздықпен енгізу салдары ғалым-мамандар әзірлеу ісін біржола күйретіп тынды. Осы орайда Болон конвенциясы (Болон үдерісі) деп аталатын құжат білім беру мен ғылыми кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесін еш жоққа шығармайды. Сірә, «білім беруші шенеуніктер» балақтарын түріп алып, «бүкіл планетаның алдына түсіп» жүгіргілері, мән-маңызын түсінбестен батыстық білім үлгісіне толықтай көшіп алғылары келген болуы керек. Бұл, әрине, бөлек әңгіменің тақырыбы, тек айтайын дегенім: білім беру жүйесі мен ғылыми кадрлар даярлау саласына жасалған реформалардың игілігінен гөрі кесірі көп болды. Ал, енді бұрынғы деңгейге қайтып оралу үшін білім беру ісі мен ғылымды дамыту саласына реформа емес, бас бүтін революция жасауымыз немесе  эволюциялық жолмен ұзақ жүріп, жоғалтқанымызды іздеуіміз қажет.

Қазақстандық ғылымды одан әрі дамыту үшін ғылыми кадрлар даярлаудың бұрынғы жүйесіне қайтып оралу қажет. Сонда ғана қазақстандықтар кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғау қамымен Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға шапқылап, тентіреп кетпей, өз елінде қорғап, қазіргі ұрпақ буыны арасында өз ғылым мэтрлері қалыптасар еді. Қазіргі құқық магистрінің білім деңгейі мен даярлығы заң ғылымынан жоғары, немесе қазіргі PhD (философия докторы) деңгейін иеленген адамның ескі жүйеде заң ғылының докторы дәрежесін алған ғалымнан статусы салмақты дегенге мені ешкім сендіре алмайды. Әлбетте, мұндай салыстыруларды әлгілердің қай-қайсысы да дәрежелерін өз еңбектерімен, ғылыми ізденістердің нәтижесінде, «жүндес қолдардың» сүйеуінсіз, парасыз қорғаса ғана қолдануға болатынын жақсы түсінемін.

 

Күнделікті жұмысыңызға көмегі көп, демеуі мол жеке басыңыздың ерекше қасиеттері хақында айта кетсеңіз. Жалпы, заңгер батыл болуы керек пе?

– Өзім туралы айту қиын, әріптестерім, дос-жарандарым, басшыларым әңгімелей жатар... Бір ғана айтарым, адам белсенді, жауапты, адал, тәуелсіз әрі батыл маман болғаны жөн. Алдына мақсат қойып, соған жетуге, онымен шектеліп қалмай, ілгері басуға, өзін-өзі жетілдіріп, жақсылыққа, биікке ұмтылуға тиіс, сонда өмір қызғылықты, тірлік кемел көрінеді. Өзімді кереметпін дей алмаймын, әйтсе де, мынау  тірлікте ешкімді ұятқа қалдырмауға, қолға алған шаруаны адалдықпен, тыңғылықты атқаруға тырысып, достық пен сенімді ардақ тұтып бақтым, сынды дұрыс қабылдап, қорытынды шығаруға күш салдым, ал, бұл – оңай нәрсе емес. Өз өміріме және осы тірлікте атқарған ісіме дән ризамын.

 

– Отбасыңыз туралы әңгімелеудің орайы келіп тұрған сияқты енді...

 – Отбасы жайында әңгімелегенде ең бақытты жан екенімді айтқым келеді. Жібек есімді тамаша зайыбым бар, қорғаушым да, қолдаушым да сол. Мына өмірде соның арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім. Екі бала өсірдік. Қызымыз – Жанар көрнекті ресейлік-қазақстандық құқықтанушы- ғалым Н.Шайкеновтің ректорлығы кезінде Қазақ гуманитарлық-заң университетінің заң факультетін бітіріп, Англиядағы атақты Ноттингем университетінде құқық бакалавры дәрежесін алды, содан соң Лондонның экономика және саясаттану мектебінде құқық магистры дәрежесін қорғады. Шетелде, Қазақстанда әртүрлі заң фирмаларында жұмыс істеді, қазір «CОLIBRI» заң фирмасының серіктесі.

Ұлым – Жанат  бизнес-әкімгерлеу және бухгалтериялық есеп саласындағы бакалавр дәрежесін, сондай-ақ, Президент жанындағы Қазақстанның менеджмент, экономика және болжалдау институтында (КИМЭП) әлеуметтік ғылымдар бакалавры дәрежесін иеленді. 2009 жылы Солтүстік Вирджиния (Прага, Чехия) университетінің қаржы саласындағы іскерлікті әкімгерлеу магистры дәрежесін алды.

Ал, болмысымыздың шаттығы арылмайтын қазыналы аралындай төрт немерем – Нәзия, Жәния, Аружан және Әмір өсіп келеді. Олар біздің мақтанышымыз, солардың жақсылығын көріп, табысқа жеткендеріне қуанғым келеді. Олар өз Отандарының лайықты азаматтары болатына сенемін. Міне, осылайша уақыт тіні жалғасып, ұрпақтар буыны сабақтасып жатыр...

 

Әңгімелескен Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Комментариев еще нет.

Оставить комментарий

Вы должны войти Авторизованы чтобы оставить комментарий.